Теннис • 13 Маусым, 2017

 «Ролан Гаррос-2017»: рекордтар әлемі

141 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Францияның биылғы ашық біріншілігі тенниссүйер қауымның көңілінен шыққаны сөзсіз. Мамырдың 22-сі мен маусымның 11-і аралығында жанкүйерлер жаңа есімдерге, жаңа рекордтар мен тартысты ойындарға куә болды. Қыздар арасында 20 жастағы латвиялық Елена Остапенко сенсациялық жеңіске қол жеткізсе, ерлер арасында испан Рафаэль Надаль «Ролан Гарростың» он дүркін чемпионы атанды.

 «Ролан Гаррос-2017»: рекордтар әлемі

Остапенко – жаңа жұлдыз

«Әйелдер арасында «Ролан Гарростың» биылғы жеңімпазы кім болуы мүмкін?» деген сұрақ туындағанда, көпшіліктің ойы бір жерден шықты. Сарапшылардың басым бөлігі де «үш жыл бұрын финалда кеткен есені осы жолы Симона Халеп қалай да қайтаруға тиіс» дегенді алға тартты. 2014 жылы жеңімпаз атануға бір қадам қалған румыниялық теннисшіні Мария Шарапова тоқтатқан. Бұл жолы Халеп Парижте толысқан тәжірибемен келді. Ең бастысы, биылғы додада сыралғы қарсыластары Серена Уильямс те, Мария Шарапова да жоқ. Оның үстіне тобыққабының жарақатына қарамастан, 25 жастағы спортшының алғашқы мачтардағы сенімді жеңісі мамандар пікіріне дәлел болғандай.

Физикалық қана емес, моральдық тұрғыда да Симона өзін үлкен жеңістерге дайын екендігін байқатты. Сөзімізге тұздық ретінде үшінші айналымдағы Дарья Касаткинамен кездесудің екінші партиясын немесе ширек финалдағы Эллина Свитоловамен айқасты айтуға болады. Әсіресе, екіншісінде 3:6, 1:5 есебімен ұтылып тұрып, матч тізгінін қолға алған Халеп жартылай финалда да мінез танытты. Финалдың жолдамасы сарапқа салынған додада ол чехиялық Каролина Плишкованы қиналмай ұтты. Осыдан соң чех теннисшісі шешуші сында Халепке бәс тігетінін хабарлаған.

Симона турнирдің соңғы күнінде матчты бірқалыпты бастады. Алғашқы сетті өз атына жаздырған румын қызы екінші кезеңде қарсыласын – өрімдей Елена Остапенконы елең қылмайтындай көрінді. Алғашқы төрт геймде латвиялық спортшының көсілуіне еш мүмкіндік берген жоқ. Бір сағат бойы Еленаның тәжірибесіздігін бақылаған румын қызы босаңсып кеткен сияқты. Дәл сол сәтте тізгінге Остапенко иелік ете бастады. Соққылары мығым, доптары діттеген жеріне жетіп жатыр. Аяқ астынан не болып кеткенін түсінуден қалған Халеп абдырап қалды. Құдды бар білгенінен жаңылғандай.

Үшінші сеттің басында тепе­­-теңдік орнағандай көрінген. Белсенділік танытуға тырысқан Халеп есепте алға шығып еді, латвиялық таразы басын теңестіріп қана қоймай, таблодағы көрсеткішті 5:3-ке жеткізді. Соңғы геймде тәуекелге барған Остапенконың жойқын соққысына Халеп үлгере алмады. Есеп – 6:4, 4:6, 3:6. Елена – «Үлкен дулыға» жеңімпазы!

Биыл Густаво Куэртеннің «Ролан Гарростағы» сенсациялық жеңісіне тура 20 жыл толды. 1997 жылы бразилиялық теннисші Францияға аттанғанда рейтингте алғашқы 50 теннисшінің қатарына да кірмеген. Бұл туралы Густавоның өзі: «Мен Парижге жұлдыздардың ойынынан ләззат алу үшін бардым. Ештеңеден үміт күткен жоқпын, бар-жоғы әр доп үшін күрестім. Нәтижесінде жеңіске жеттім», – деп еске алады. Остапенконың оқиғасы да осыған ұқсас.

Осылайша Остапенко өзінің алғашқы мейджорінде топ жарған бірінші теннисші атанып отыр. Енді бұған Латвияның мақтанышы деген атақ қосылары хақ. Себебі, ол – осы елден шыққан теннисшілердің арасында «Үлкен дулыға» турнирін жеңген тұңғыш спортшы.

Қуанышы қойнына сыймаған жеңімпаз «Сене алар емеспін, Мен «Ролан Гарроста жеңіске жеттім! Жасым бар-жоғы 20-да болса да, «Үлкен дулығада» топ жарғаныма сене алар емеспін!» – дегенді ғана қайталай берді. Ал біз Еленаға бұл сенің жеңістеріңнің басы ғана дегіміз келеді.

Құмайт корттың Королі

Ерлер арасында басты кубокқа талас «Ролан Гарростың» тоғыз дүркін чемпионы Рафаэль Надаль мен «Үлкен дулығаның» үш дүркін жеңімпазы Стэн Вавринка арасында өрбіді. Бір қарағанға, Надальға «басу» айтар бір адам болса, ол осы Вавринка секілді көрінген. Бұл – Вавринканың «Дулығадағы» төртінші финалы. Осыған дейінгі үшеуінде жеңіс тойын тойлаған. Оның үстіне швейцариялықтың бір ұтымды тұсы, осыған дейінгі шешуші сындардың үшеуінде де әлемнің бірінші ракеткаларынан басым түскен екен. Екі күн бұрын әлемнің үздігін тағы да қапыда қалдырғанын айттық. Сондықтан Стэеннің топырақ төсеніштің «королін» тағынан біржола тайдырмаса да, шабуылда сауаттылық танытып, бекхэндін жүзеге асыруы арқылы 2015 жылғы жетістігін қайталуына мүмкіндігі бар еді.

Дегенмен статистикалық мәліметтердің өзі испан жігітінің жағында. Надаль бұл Франция ашық біріншілігіне құралақан келген жоқ. Басқа табыстарын қоспағанда, Париж төрінде ол тоғыз рет өзінің мықтылығын мойындатып үлгерген.

Ал финалға Рафа еш қиналмастан жетті. Бірде-бір ойыншы испан жігітіне лайықты қарсылық көрсете алған жоқ. Одан қалды, биылғы маусымда топырақ төсеніште өткен ойындардың барлығы испан жігітінің пайдасына шешіліп келді. Тек Римдегі «Мастресте» австриялық Доминик Тимге жол берген. Оның өзінде сол есесін «Ролан Гарростың» жартылай финалында қайтарды. Вавринка болса алғашқы бес матчын үш сетте жеңгенімен, жартылай финалда Энди Маррей оңай шағылар жаңғақ еместігін аңғартты. Төрт сағаттан астам уақытқа созылған осы кездесуді ерлер арасындағы ең тартысты айқасқа теңеуге әбден болады.

Екі теннисші өзара 18 рет кездесіп, соның 15-інде Рафа жеңіске жеткен. Топырақ төсеніште Вавринка бір рет – 2015 жылғы маусымда Римде шеберлік жағынан басым түссе, «Ролан Гарростағы» матч испаниялықтың пайдасына шешілген. Сондықтан осы жолы Вавринка текетіресіп бағады деп бағамдадық. Сөйтсек, «корольдің» көздегені басқа екен.

Надаль финалдық ойынды да жоғары деңгейде бастады. Алғашқы сетте брейкті жүзеге асыра алмай қалған Станислас өз соққыларының арқасында тек екі гейм алды. Швейцариялықтың бар көрсеткен қарсылығы осы ғана. Қалған төрт геймде Рафаэль бірде-бір қателік жасаған жоқ. 

Ал екінші және үшінші сеттерде ширақ, жинақы қимылдаған испаниялық қарсыласын қыспаққа алумен жалпы есепті 3:0-ге жеткізді – 6:2, 6:3, 6:1.

2017 жылғы маусымда Надаль Монте-Карло, Барселона мен Парижді 10-реттен бағындырып, Мадридте өзінің бесінші кубогына қол жеткізді. Жасы 31-ге келсе де бабын жоғалтқан жоқ. Қайта күшейген үстіне күшейіп келеді. Орда бұзар жастың әсері болса керек. Кортта шебер қимылдап, қателіктерге де бой алдырмауға тырысады.

«Бәрі күнделікті атқарылатын жұмысқа байланысты. Мен осымен 10-шы рет осы жерде жеңіске жеттім. Бәріне көңілім толады, мұны құдды ғажайып дерсің. Бұл күн мен үшін өте маңызды болды. Жарақатым, ауыр кезеңдер аз болған жоқ. Соның бәрінен өтіп қайта үлкен жеңіске жеткеніме шексіз қуаныштымын. Әр аптадан, әр ойыннан ләззат аламын. Осы бағытта жалғастыруды көздеймін», – деді Надаль жеңісінен соң берген сұхбатында.

Бұл нәтиже оның АТР рейтингінде 2-орынға көтерілуіне себеп болды. Ендігі мақсаты – рейтингте де үздік атану. Осы қарқынынан таймаса, ол күн де алыс емес.

«Ролан Гарростың» жұптық сындарында да жеңімпаздар анықталды. Әйелдер арасында, мамандар болжағандай, Бетани Маттек-Сэндс пен Люси Шафаржова дуэті жеңіс тойын тойлады. Финалда Эшли Барти мен Кейси Деллакуаны 6:2, 6:1 есебімен ұтып, қатарынан үшінші «Дулығаға» иелік етті.

Мәдина АСЫЛБЕК,
журналист

АСТАНА